Балабақша әдіскері – жаңашылдық пен шығармашылықтың ұйытқысы
Мен –Байсеитова Мариаш Арипхановна. «Дин– Асыл 1» ЖШС бөбекжай балабақшасының әдіскерімін. Өз мамандығымды ерекше құрметтеймін және балалармен жұмыс істеуді жүрек қалауым деп санаймын. Балабақша – әр баланың тұлға болып қалыптасуына негіз қаланатын, алғашқы білім мен тәрбиенің бастау алатын қасиетті орта. Осындай маңызды мекемеде әдіскердің рөлі айрықша. Себебі әдіскер – оқу-тәрбие жұмысының сапасын үйлестіріп, педагогтердің кәсіби дамуына бағыт-бағдар беретін маман. Мен үшін әдіскер болу – үздіксіз ізденісті, жауапкершілікті және жаңашыл көзқарасты талап ететін абыройлы қызмет.


Жаңашылдық – табысты жұмыстың кепілі
Қазіргі білім беру жүйесі қарқынды дамып, жаңа талаптармен толықтырылуда. Сондықтан бүгінгі әдіскер дәстүрлі жұмыс тәсілдерімен ғана шектелмей, ақпараттық технологияларды тиімді пайдаланып, заманауи білім беру үрдістерін меңгеруі қажет. Менің басты мақсатым – балабақшадағы оқу-тәрбие жұмысына инновациялық әдістерді енгізіп, оның сапасын арттыру. Педагогтердің электронды портфолиосын жүргізу, балалардың даму көрсеткіштерін цифрлық форматта бақылау, жаңа білім беру платформаларын қолдану – осы бағыттағы жұмыстарымның негізгі бөлігі. Әдіскер заман талабына сай үнемі ізденісте болып, кәсіби тұрғыдан дамып отыруы тиіс деп есептеймін.
Талапшылдық – кәсібиліктің негізі
Әдіскердің талапшылдығы – қатаңдық емес, сапалы нәтижеге жетуге деген жауапкершілік. Өз қызметімде әрбір педагогтің кәсіби біліктілігін арттыруға, мемлекеттік білім беру стандарттарының толық орындалуына ерекше мән беремін. Өйткені біздің ең басты мақсатымыз – баланың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау. Баланың сапалы тәрбие мен білім алуы педагогтердің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан жұмыс барысында жауапкершілік пен тәртіпті басты қағида ретінде ұстанамын. Себебі тәртіп пен талап болған жерде әрқашан нәтиже болады.

Шығармашылық – кәсіби дамудың қозғаушы күші
Балалардың дүниесі – шексіз қиял мен шығармашылыққа толы ерекше әлем. Сол себепті әдіскердің де жаңашыл идеяларға ашық болып, шығармашылық ізденісте жүруі маңызды. Мен әрбір ашық оқу қызметінің, мерекелік іс-шараның және тәрбиелік жобаның мазмұнды, қызықты әрі тәрбиелік мәні жоғары деңгейде ұйымдастырылуына көңіл бөлемін. Ұлттық құндылықтарды заманауи әдіс-тәсілдермен ұштастыра отырып, балалардың қызығушылығын арттыратын жобаларды жүзеге асыруға ұмтыламын. Бұл – менің кәсіби қызметімнің маңызды бағыты.

Қорытынды
Қорытындылай келе, балабақша әдіскері – ұжымның кәсіби дамуына бағыт беретін, оқу-тәрбие үдерісінің сапасын қамтамасыз ететін негізгі тұлға. Өз мамандығымды мақтан тұтамын және жаңашыл, шығармашыл, бірлігі жарасқан педагогикалық ұжым қалыптастыруды басты мақсатым деп білемін. Әрбір бүлдіршіннің жетістігін көріп, олардың қуанышына ортақ болу – мен үшін үлкен мәртебе. «Мен – балабақша әдіскерімін!» деген сөздің мәні – сапалы білім, саналы тәрбие және болашақ ұрпаққа деген шынайы сүйіспеншілік пен адал еңбек.